Оңтүстіктен солтүстікке: Павлодарға арман қуып келген жастар саны көбеюде
Жастар білім нәрін солтүстіктен іздеп, Ертіс-Баян өңіріне көптеп ағылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Соңғы жылдары еліміздің оңтүстік өңірлерінен Павлодарға оқуға келетін студенттер саны артқан. Бұл үрдіс мемлекеттік білім беру бағдарламалары мен гранттардың бөлінуімен тікелей байланысты.
Халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарда жастардың грантқа түсуі қиын. Ал солтүстік өңірлерде, соның ішінде Павлодарда білім алуға ниеті бар жастарды қолдайтын түрлі жолдар бар. Осындай тамаша мүмкіндікті ұтымды пайдалануды көздеген талапкерлер Павлодарға ат басын бұруда.
Биыл Торайғыров университетінің «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» факультетіне шамамен 10 студент қабылданған. Олар Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарынан және Шымкент қаласынан келген.
- Қазір факультетімізде оңтүстіктен 35 бала оқиды. Олардың барлығы 100% грант негізінде білім алады. Студенттер археология және этнология, психология, әлеуметтік жұмыс, саясаттану, мәдениеттану, тарих, шетел филологиясы, актерлік өнер, журналистика сияқты мамандықтарда оқиды. Оңтүстік түлектеріне негізі техникалық, ауылшаруашылық мамандықтар бойынша арнайы квота қарастырылған,- деді «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Сәуле Кісембаева.
Павлодарға келген студенттер үшін бұл тек оқу ғана емес, үлкен өмір мектебі. Олар жаңа ортаға бейімделіп, өз бетімен өмір сүруді үйренеді. Сонымен қатар, өңірдің еңбек нарығымен танысып, болашақта осында қалып жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастырады.
- Бұл қалада оқу - жаңа таныстықтарға жол ашу. Мұнда қыс айында суық болғанымен жастар үшін демалыс пен көңіл көтеретін орындар бар. Мәселен, «Батыр Молл» сауда үйі және Ертіс өзенінің жағалауы. Павлодар - дамуға жол ашатын қала. Себебі шетел тілдерін меңгеріп, жаңа жобаларды бастауға мүмкіндіктер көп, - деді Заңғар Дүйсенәлі.
Жастар мұндай қадамға бару оңай емес екенін айтады. Көбіне бөтен қалаға үйренісу, тілдік орта, климат айырмашылығы сияқты қиындықтар кездеседі. Соған қарамастан, олардың басым бөлігі бұл мүмкіндікті болашаққа салынған инвестиция ретінде бағалайды.
Мамандардың пікірінше, бұл ізденіс білім саласына ғана емес, өңірдің дамуына да оң әсерін тигізеді. Жастардың өңірге көптеп келуі жаңа идеялар мен еңбек ресурсын арттырады.
Осылайша, Павлодар бүгінде тек өндірістік қала ғана емес, ізденген жастар үшін білім көзіне айналып келеді.
Аяужан Жетес