Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады

Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады
Фото: Telegram/Ukimet

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының экономиканы одан әрі нығайту жөніндегі тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық мақсаттарға сәйкес, 2025 жылы жүйелі өзгерістерге бағытталған нақты іс-шаралар қабылданды.

Үкімет салық, тариф және бюджет саясатында, цифрлық және құрылыс секторларында, сондай-ақ әлеуметтік салада бірқатар шешімдер қабылдаған. Бұл шаралар экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырған құрылымдық диспропорцияларды жоюға бағытталды.

Салық және бюджет реформасының нәтижесінде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерсіз үш жылдық бюджетті қалыптастыруға мүмкіндік туғаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызына дейін төмендетуге ықпал етпек. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50 пайыздан 2028 жылы 34 пайызға дейін қысқарады.

Жүргізілген реформалар аясында 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімі сақталды. Құндық мәнде жалпы ішкі өнімнің өсімі 20,1 млрд долларды құрады.

Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5 пайыз болды. Экономикалық өсімге бірқатар негізгі салалардың қарқынды дамуы әсер етті. Атап айтқанда, көлік саласы 17,8 пайызға, құрылыс 14,6 пайызға, тау-кен өнеркәсібі 17,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 12,2 пайызға, сауда 26 пайызға және ауыл шаруашылығы 5,9 пайызға өсті.