Олжас Бектенов ТМҰ мүше елдердің үкімет басшыларының кездесуіне қатысты
Олжас Бектенов ТМҰ мүше елдердің үкімет басшыларының кездесуіне қатысты
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Баку қаласына жұмыс сапары аясында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық қабылдауына, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мен вице-президентінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Әзербайжан Президентімен өткен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.

Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ыстық сәлемі мен шынайы лебіздерін жеткізді. Екі ел басшыларының парасатты әрі сындарлы саясатының арқасында екіжақты ынтымақтастық нығая түсетіні атап өтілді. Бұл тұрғыда Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және ЖИ сияқты басқа да негізгі салалардағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге бар күш-жігерін салуда.
Түркі мемлекеттері ұйымы үкіметтері басшылары мен вице-президентінің екінші кездесуіне Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, сондай-ақ бақылаушылар қатысты.

Кездесуде ТМҰ мемлекеттері басшыларының тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Өңірлік және жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік инфрақұрылымын дамыту және Орта дәліздің цифрлық интеграциясы, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту перспективалары талқыланды.
Сөз сөйлеу барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлескен күш-жігерді үйлестіруде ТМҰ-ның өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Ұйымның іргетасын қалаушылардың бірі ретінде біз әуел бастан түркі интеграциясын ұзақмерзімді, прагматикалық әрі экономикалық тұрғыдан бағдарланған үдеріс ретінде қарастырып келеміз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда көлемі $12,9 млрд-қа жетті. Біз бірлестігіміздің бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделіміз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағын күшейту және оны Түркі инвестициялық қорымен тығыз үйлестіру қажеттігі атап өтілді. Бұл ТМҰ экономикалық институттарының анағұрлым тиімді өзара іс-қимылына ықпал етеді.
Өзара сауда көлемін ұлғайту және бизнес үшін цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында Қазақстан Бішкекте өткен ТМҰ-ның XI саммитінде қол қойылған Цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді (DEPA) ратификациялауды тездетіп аяқтауға ниетті. Өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету мақсатында Түркі мемлекеттерінің өңірлік метрологиялық ұйымын (TURKMET) құру және оны толық іске қосу жұмыстарын аяқтауды жеделдету ұсынылды.
Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.