ОСК мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығы туралы бейнесабақ ұсынды
Оқу материалы сайлау үдерісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар Конституциямен және өзге де заңнамалық актілермен бекітілген әлеуметтік-экономикалық әрі жеке құқықтар мен бостандықтардың толық көлеміне ие. Соның ішінде олардың сайлау және сайлану құқығы бар.
– Осы құқықтарды тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі және Шырақ мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігімен бірлесіп арнайы оқу бейнесабағын әзірледі, – делінген хабарламада.
Бейнематериалда мүгедектігі бар адамдардың сайлау процесіне тең әрі кедергісіз қатысуын қамтамасыз ету тетіктері түсіндіріледі. Оқу сабағымен Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында танысуға болады.