Павлодарда өрттен зардап шеккен тұрғындарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

@Pavlodarnews.kz тілшісі өрттен немесе дүлей зілзаладан зардап шеккен азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсету тәртібі туралы сұрастырып көрді.
Павлодар қалалық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы «Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешіміне сәйкес, өрт немесе дүлей зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 393 200 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, өтініш берушіге көмек алу үшін келесі құжаттар тізімін ұсыну қажет:
1. Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының анықтамасы (6 ай бойы жарамды);
2. Мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
3. Банктік шоттың болуы туралы хабарлама;
4. Жеке куәлік (салыстыру үшін көшірмесі және түпнұсқасы).
Құжаттар Кривенко көшесі, 25 мекенжайындағы «Open Pavlodar» фронт-офисінде (№ 3 үстел) қабылданады.