Павлодарда шілдеде 300-ге жуық адам баспаналы болады
Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа тұрғын үйлердің кілттері табысталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Осы айда аталған санаттағы тағы 288 отбасына кілттерді табыстауды жоспарлап отырмыз, – деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен өткізген есептік кездесуде. – Бұдан бөлек, «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жыл басынан бері 175 отбасы жаңа тұрғын үй алды.
Оның сөзінше, қазіргі таңда «Сарыарқа» шағын ауданында тағы 108 пәтерге арналған конкурс өтуде. Сондай-ақ, «Достық» шағын ауданында 183 пәтерді қолданысқа беру жоспарлануда.
– Жалпы, «Достық» шағын ауданында үйлер салуды жалғастырамыз. Ағымдағы жылы 276 пәтерлік үш үйдің құрылысын аяқтауды көздеп отырмыз, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімі № 12 үй бойынша көптеген өтініштер түскенін, аталмыш нысан бойынша қазір сот талқылаулары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Талқылаулар аяқталғаннан кейін үйдің құрылысы жалғасатын болады.
Еске сала кетейік, маусым айының соңында «Алюминстрой» шағын ауданында бұзуға жататын екі қабатты алты тұрғын үйдің тұрғындарына «Сарыарқа» шағын ауданынан пәтерлердің кілттері табысталған болатын. Сондай-ақ кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша 210 отбасыға жаңа тұрғын үй берілді.