Парламент депутаттары Павлодарда жылыту маусымына дайындық барысын тексерді
Халық қалаулылары өңірімізде орналасқан үш жылу-электр орталығын аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Павлодар қаласында орналасқан № 2 және № 3 жылу-электр орталығын аралап, бақылап шықты.
– Үлкен мәселенің бірі Екібастұздағы апаттан кейін белгілі болғаны мәлім. Павлодар өңірінен арнайы сайланған депутат ретінде осы мәселені көтеруді жөн көрдім. Таңертең облыс әкімімен кездесіп, мәселелердің басын ашып, талқыладық. Бұл мәселе тек Павлодар қаласы емес, Екібастұз, Ақсу қалаларын да қамтиды. ЖЭО-дағы жоспарға сай уақытылы жұмыстар жүргізілуде. Егер де қаражат немесе басқа да жетіспеушіліктер болса, депутат ретінде бұл мәселені көтеруге уәде бердік, – дейді Алтынбек Нұхұлы.
Сондай-ақ, Ернұр Әйткенов жұмыстар ойдағыдай жұмыстар ойдағыдай өткізіліп жатқанын атап өтті.
– Павлодар қаласының жылу орталықтарын тексергеннен кейін Ақсу, Екібастұз қаласындағы жылу мәселелерін қарастыратын боламыз. Павлодар облысындағы жылу электр орталықтарына мемлекет қаржы бөлді. Бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жеделдетілген қарқынмен жүріп жатыр. Жылыту маусымына дейін барлық жұмыстар жүргізіліп, маусым ойдағыдай өтеді деп үміттенемін, – дейді Ернұр Әйткенов.
Депутаттардың айтуынша, бұл мәселені көтеруге Екібастұз қаласының жылу-электр орталығы себеп болған. Сондықтан жылыту маусымына дейінгі дайындықты тексеру облыс бойынша тексеріледі.
«Павлодарэнерго» ЖШС бас инженері Вадим Лесиннің хабарлауынша, ағымдағы жылы №1 қазандықты күрделі жөндеу және №3 қазандықты кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, турбиналық цехты жөндеу қарастырылған.
– Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде, яғни жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. Станцияда еңбек жағдайлары жақсарып, энергетиктердің жалақысы көтерілуде, – деді ол.
Сонымен қатар, депутаттар жұмыс сапары барысында Аққулы ауданының Новоямышево ауылындағы тауарлы сүт фермасының жұмысымен таныспақ. Қарақала, Қазы, Баймулдин, Тілектес ауылдарындағы аудандық маңызы бар автожол учаскелерінің құрылысын, Қызылқоғам ауылындағы су құбырының құрылысын тексеру жоспарланып отыр.