Павлодарға әлемнің үздік музыкалық аспаптары жеткізілді
Павлодар филармониясында музыкалық аспаптарды ауқымды түрде жаңарту басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жақында Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясына Алматы қаласынан жаңа музыкалық аспаптардың алғашқы легі жеткізілді. Бұл өңірдегі басты концерттік ұйымның материалдық-техникалық базасын ауқымды жаңартудың бастамасы болды.
Аспаптар келгеннен кейін мамандар оларды мұқият тексеріп, кейін музыканттар алғашқы сынақтан өткізді.
– Бүгін біз үшін ерекше, тіпті тарихи күн деуге болады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауының арқасында филармонияның материалдық-техникалық базасын ауқымды жаңарту басталды. Ең алдымен көп жылдан бері жаңартылмаған музыкалық аспаптарды алудан бастадық. Жарты жылға жуық уақыт бойы жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп, өндірушілерді мұқият таңдадық. Соның нәтижесінде әлемнің жетекші компаниялары шығарған жоғары сапалы кәсіби шеберлік аспаптарын сатып алдық. Олар үлкен сахнада өнер көрсететін кәсіби шығармашылық ұжымдарға арналған. Алдағы мерейтойлық маусымды филармониямыз жаңа аспаптармен қарсы алады, – деді филармония басшысы Амангелді Қожанов.
Алғашқы партияға Германия, Франция, Жапония, АҚШ және Ресейде өндірілген 21 музыкалық аспап кірді. Олардың қатарында кәсіби фагот, кларнет, флейталар, виолончель, контрабастар, саксофондар, баяндар және басқа да аспаптар бар. Олардың басым бөлігі симфониялық оркестрге арналған.

– Бұл – менің көп жылғы арманым еді. Осы уақытқа дейін филармонияда өз фаготымыз болған жоқ. Сондықтан өзімнің жеке аспабымда ойнауға тура келді. Енді бізде Германияда жасалған кәсіби деңгейдегі тамаша фагот бар. Мен үшін бұл – зор қуаныш, – деді симфониялық оркестрдің фаготшысы Алмас Нұғманов.

Симфониялық оркестрдің ағаш үрмелі аспаптар тобы фаготтан бөлек әлемге әйгілі француздық Buffet Crampon маркалы кларнет пен Жапонияда шығарылған екі кәсіби флейтаға ие болды.
Симфониялық оркестр үшін сондай-ақ жаңа виолончель мен контрабас сатып алынды. Ал джаз оркестрі соңғы үлгідегі екі кәсіби Yamaha саксофонына ие болды.
– Бұл – соңғы буындағы кәсіби аспаптар. Барлығы толық жинақталған. Кез келген музыкант үшін мұндай жаңару – үлкен мереке, – дейді джаз оркестрінің солисі Юрий Халимон.

Жаңа аспаптар халықтық бағыттағы ұжымдарға да жеткізілді. Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі үшін екі заманауи концерттік баян сатып алынды.
– Біз бұл күнді көп жыл күттік. Филармонияда 2014 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде музыкалық аспаптардың мұндай ауқымды жаңартылуын алғаш рет көріп отырмын. Бұған қолдау көрсеткен барша жанға үлкен рақмет, – деді оркестрдің артисі, баяншы Мади Ботагузов.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Асайын Байханов облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда болды. Сапар барысында ол мекеменің жұмысымен танысып, шығармашылық ұжыммен кездесті. Нәтижесінде материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңартуды және ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды.
Филармония әкімшілігінің мәліметінше, жуық арада музыкалық аспаптардың келесі легі жеткізіледі. Оның ішінде Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне арналған аспаптар да бар. Сонымен қатар, сахналық жабдықтарды жаңғырту жалғасады. Бұдан бөлек, ғимаратты күрделі жөндеудің ғылыми-жобалық құжаттамасы әзірленіп бітті. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.
Бүгінде Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Оның құрамында Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және джаз оркестрлері, камералық хор, «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі, «Нұр» және «Шернияз» би ансамбльдері, «Ретро» вокалдық ұжымы, «SAMIYAN» және «TABRIZ» квинтеттері, сондай-ақ академиялық, халықтық және эстрадалық жанрдағы жетекші орындаушылар қызмет атқарады.