Павлодар 2-ЖЭО-ын жөндеуге 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады

Павлодар 2-ЖЭО-ын жөндеуге 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Станцияда негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу және жаңғырту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 10,4 миллиард теңге инвестициялық жобаларға, ал 4,6 миллиард теңге жөндеу бағдарламасы аясындағы жұмыстарға бөлінеді.

– 1961 жылы пайдалануға берілген Павлодар 2-ЖЭО – қаланың ең көне жылу электр орталығы. Осы уақыт ішінде станция өңірді электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта нысанда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – делінген хабарламада.

Компанияда атап өткендей, жүйелі тәсіл мен жыл сайынғы күрделі жөндеудің арқасында соңғы үш жылда жабдықтардың тозу деңгейі 69,6%-ға дейін төмендеді. 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бұл көрсеткішті одан әрі азайтуға бағытталған. Жөндеу жұмыстары тұтынушыларға энергияны үздіксіз жеткізуге кедергі келтірмейтіндей етіп жоспарланған.

Биыл станцияда екі қазандық агрегаты мен бір турбоагрегатты күрделі жөндеу көзделіп отыр. Бірінші қазандық агрегаты 15 наурызда жөндеуге тоқтатылады.

– 2026 жыл №1 турбоагрегатты қайта құрылымдаудың бастапқы кезеңі болады. Биыл турбинаны ауыстыру жобасын әзірлеп, бөлшектеуден бастап іске қосуға дейінгі барлық жұмыстарды орындайтын мердігерді анықтау жоспарланып отыр, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемель.

Жақын уақытта станцияда қазандық агрегаттарын автоматтандыру жұмыстары басталады. Автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу адам факторын азайтып, технологиялық іркілістердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жөндеу науқанының тиімділігі қызметкерлердің біліктілігіне де байланысты. «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының 3 мыңнан астам қызметкері жыл сайын оқу орталығында біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлік байқауларына қатысады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында сырттай білім алуға қолдау көрсетіледі.