Павлодар облысында мемлекеттік аудиттің жаңа тетіктері талқыланды
Шара барысында цифрлық құралдарды енгізу және саланы дамыту жоспарлары туралы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу онлайн-форматта өтіп, өңір тұрғындары мен мемлекеттік органдардың мамандарын біріктірді. Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров баяндама жасап, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі.
Ержан Мыңжасаров комитеттің өткен жылғы жұмысының негізгі қорытындыларын атап өтіп, жүйені цифрлық құралдар арқылы дамытуға баса назар аударды. Оның айтуынша, өткен жылы 1300-ден астам іс-шара өткізілген, бұл ведомствоның ауқымды жұмысы мен мемлекеттік бақылау тетіктерін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын көрсетеді.
– Тексерулердің нәтижесінде төрт мыңнан астам рәсімдік бұзушылық анықталды. Қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы көлемі 36 пайызға өсті, олар бойынша шаралар қабылданды. Бақылауды күшейту үшін төлемдер кезінде орындалған жұмыстар актілерін камералдық талдау функционалы енгізілді. Қол жеткізілген нәтижелер іс-шаралардың ауқымы мен анықталған бұзушылықтар тұрғысынан заманауи цифрлық аудит әдістерінің арқасында мүмкін болды, – деді комитет төрағасы.
Ол қазіргі таңда постфактум-аудит қағидатына көбірек көшіп жатқанын атап өтті.
– Тәжірибе бұл тәсілдің тиімді екенін көрсетті. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесінде онлайн-цифрлық мониторинг институтын енгізу бюджет бекітілмей тұрып-ақ артық жоспарлау фактілерін дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, төлемдерді қашықтан бақылау әлеуметтік саладағы жалақының артық төленуіне қатысты заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл бағыттағы қаржы ұрлықттарын жоюға жол ашады. Бүгінгі таңда мұндай деректерайтарлықтай қысқарды, – деді Ержан Мыңжасаров.

Қазір жұмыс жаңа деңгейге шықты: мамандар өткен жылдың қаржылық есептілігін оны қалыптастырумен қатар қашықтан аудит жүргізуде.
Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Дәурен Махметовтің айтуынша, өңірде өткен жылы 81 іс-шара өткізілген. Тексеру барысында бюджет қаражатын пайдалану кезінде заң бұзушылықтар 23,7 миллиард теңгеге анықталған. Оның ішінде бір миллиард теңге қаржылық заңбұзушылықтарға, ал 13 миллиард теңгеден астамы рәсімдік заңбұзушылықтарға тиесілі.
– Анықталған қаржылық заңбұзушылықтарды жою үшін департамент тарапынан шаралар қабылданып, нәтижесінде 2,6 миллиард теңге бюджет қаражаты қалпына келтіріліп, өтелді, – деді Дәурен Махметов.
Департамент басшысының айтуынша, қазір ауқымды жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Басты назар цифрландыруға аударылған, барлық өзгерістер халыққа және бағдарламалар әкімшілеріне жеткізілуде.
– Өзекті құралдардың қатарында электронды мемлекеттік аудит бар. Бұл тексерілетін нысанмен тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды тетік – онлайн-бюджеттік мониторинг. Ол жүйедегі бұзушылықтарды бірден көрсетеді. Шарттық міндеттемелерді орындау деректерін камералдық бақылау да белсенді дамып келеді және жаңа бағыттардың бірі болады. Біз орындалған жұмыстар актілерін қашықтан тексеріп, құрылымдық сәйкессіздіктерді анықтаймыз. Бұл бюджет шығындарының алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Дәурен Махметов.
«Сұрақ-жауап» сессиясында павлодарлықтар қаржылық тексеру рәсімдері мен мемлекеттік сатып алуларды бақылау тәртібі туралы сұрады. Барлық сауалдарға толыққанды жауап берілді.