Алматылық әскери қызметші Ақсуда батқан қызды құтқарды
Қыз бала судың қатты ағысынан жағалаудан алыстап кеткен еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Әлеуметтік желіде Ақсу қаласында суға батып бара жатқан қыздың құтқарылуы туралы ақпарат таралып кетті. Хабарламада оның өмірін алматылық әскери қызметкер сақтап қалғаны белгілі болды. Pavlodarnews.kz тілшісі бұл қаһарманды тауып, жағдайдың анық-қанығын біліп алды. Адылжан Слямов 44 жастағы майор. Ол Алматы қаласы, Кеген ауданында Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің бастығы болып жұмыс істейді. Оның сөзінше, Ақсу қаласына отбасымен бірге демалуға келген еді.
– Ақсу ауылында жаңа көпірдің астында табиғатқа демалысқа шығып едік. Түскі уақыт кезінде жағажайдың маңында баланың айқайын естіп қалдым. Суда тек бір қолы ғана көрініп тұрған баланы байқадым. Еш ойланбастан суға секірдім, – деп есіне алады Адылжан Слямов. – Қызға жеткен бойда суға сүңгіп оны шығарып алдым. Жағажайға жеткенде оған алғашқы медициналық көмек көрсеттім.
Адылжан Слямовтың айтуынша, судың қатты ағысы 10 жасар қызды өте алысқа әкетіп жіберді.
– Баланың өмірі үшін қатты қорықтым. Оны құтқарғаныма қуаныштымын. Мен үшін бірінші кезекте оның өмірін аман алып қалу маңызды болды, – деді Адылжан Слямов. – Қыздың анасы болған жағдайдан кейін маған жақындап, алғысын айтты.
Әлеуметтік желіде де ана ризашылығын білдірді.
«Бұл кенеттен болып қалған жағдай. Қызым жағажайда балалармен ойнап жүрген. Судың ағысына түскен қызым шұңқырға тап болды. Құтқарушыма үлкен алғысымды айтамын. Оның арқасында қызым тірі қалды», – деп жазды анасы.
Фото: Адылжан Слямовтың жеке архивінен алынды.