Павлодар ауданының тұрғыны облыс әкіміне ұялы байланыстың жоқтығына шағымданды

Павлодар ауданының тұрғыны облыс әкіміне ұялы байланыстың жоқтығына шағымданды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Григорьев ауылдық округінің тұрғыны ауылдарда бір жылдан астам уақыттан бері байланыс жоқ екенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде ауыл тұрғыны өңір әкімі Асайын Байхановқа бейнежолдау жолдады.

– Жаңақала және Набережное ауылдарында ұялы байланыс мәселесін шешу қажет. Ауыл тұрғындары жедел жәрдем шақыру немесе балаларына қоңырау шалу мүмкіндігінен айырылған. Ұялы байланыс операторлары тек уәде беріп, жауап қайтарады, бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермейді. Байланыс тарифтері үнемі өсіп жатқанымен, сапасы мүлде жоқ. Бұл мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, – деді тұрғын бейнежазбада.

Бұл мәселені қарастыру үшін облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин Набережное ауылына барды. 

– Оған «Beeline» байланыс операторымен бірлесіп, туындаған мәселелердің шешу жолдарын қарастыруды және басқа операторлардың байланыс сапасын тексеруді тапсырдым, – деп жазды өңір басшысы өзінің Instagram-парақшасындағы stories-те. 

Сонымен қатар, аудан әкімі Дидар Ибраевқа бұл жағдайды бақылауға алу тапсырылды.