Павлодар ауылында жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары жалғасады

Павлодар ауылында жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары жалғасады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл ауылдағы 30 көшеге асфальт төселіп, жаңа балалар ойын алаңдары орнатылған,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Павлодар ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында 2026 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.

Ауыл әкімі Ұнат Аманбектің айтуынша, биыл елді мекеннің жол инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілген. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 13,5 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.

– Сонымен қатар, ауыл аумағында төрт жаңа балалар ойын алаңы орнатылып, тағы екі ойын алаңы жаңғыртылды. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуына жағдай жасауға бағытталған. Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту аясында үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазандықты орнату жұмыстары толық аяқталды. Оны да жыл соңына дейін іске қосу көзделген, – деді ауыл әкімі.

Бұдан бөлек, жыл бойы электр желілеріне жоспарлы қызмет көрсету және көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Кездесуде қала әкімі Хасар Хабылбеков ауылды абаттандыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, келер жылы да жолдарды жөндеу және елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

– Биыл ауылда жол жөндеу және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Балалар ойын алаңдары орнатылды. Келесі жылы да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді шаһар басшысы.

Осылайша, 2026 жылы Павлодар ауылында жол инфрақұрылымын жақсарту, балаларға арналған демалыс орындарын көбейту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыс жүзеге асырылды.