Павлодар бағытындағы ақылы жолдармен екі миллионнан астам көлік өткен

Астана – Павлодар, Павлодар – Семей – Қалбатау және Павлодар – Омбы бағыттары белсенді қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанның ақылы жолдары арқылы 32 миллионнан астам көлік жүріп өтті. Мамандардың айтуынша, бұл – сапалы жол инфрақұрылымына деген сұраныстың артқанын және оның ел экономикасындағы маңызын көрсетеді.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды, ал ақылы жолдар 4760 шақырымды құрайды. Ел бойынша 25 ақылы жол учаскесі бар.
– Павлодар облысына қатысты үш бағыт бойынша қозғалыс белсенділігі тіркелген: Астана – Павлодар бағытында 1,132 миллион, Павлодар – Семей – Қалбатау бағытында 568 мың, ал Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) бағытында 393 мың көлік өткен, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, ақылы жолдар өңіраралық байланысты нығайтып, жүк және жолаушы тасымалын жеделдетуге, туризм мен сауданы дамытуға ықпал етеді.