«Павлодар дәмі»: қала тұрғындарының сүйікті тағамдары қандай?

«Павлодар дәмі»: қала тұрғындарының сүйікті тағамдары қандай?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарлықтардың ас мәзіріне деген талғамы қандай? Қала асханаларында қай тағамдар көп сұранысқа ие? Бұл сұрақтарға жауапты @Pavlodarnews.kz тілшісі тұрғындар жиі баратын асханалар қызметкерлерінен сұрап білді.

Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, сұйық тағамдардың ішінде ең жиі тапсырыс берілетіні – жасымық пен ірімшік қосылған сорпа және тауық сорпасы. Ал қою тағамдардан павлодарлықтар лағман, палау, манты сынды дәмді әрі тойымды асқа көбірек мән береді. Жастар арасында паста ерекше танымал.

– Ең көп келушілер түскі және кешкі мезгілдерде жиналады. Павлодарлықтар тәтті мен ащыны араластырып жегенді жақсы көреді. Бұл олардың әртүрлі аспаздық дәмдерді қабылдай алатынын, икемді талғамға ие екенін көрсетеді, – дейді асхана қызметкері Нұргүл Қабиденова.

Жас буынның талғамы бөлек: бургер, пицца, суши сияқты фастфуд өнімдері жастар арасында ерекше сұранысқа ие. Бұл заманауи өмір салты мен жылдам тамақтану дағдысының кең етек жайғанын білдіреді.

Сусындар да сан түрлі. Салқыннан – компот, ал ыстықтан – сүт қосылған шай жиі ішілетін көрінеді. Соңғы уақытта науатпен және тарымен дайындалатын шай ерекше танымал болып келеді. Бұл – дәстүрлі сусындарға қайта оралу үрдісінің бір көрінісі.

Тәттіден бас тартатын павлодарлықтар сирек. Қала тұрғындары майға қуырылған бәліштерді, торттар мен кондитерлік өнімдерді сүйіп тұтынады.

«Павлодар дәмі» деп аталған зерттеу қала тұрғындарының тағамға деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айқын көрсетеді. Бұрынғыдай тек тойымды ас емес, енді пайдалы, дәстүрлі әрі үйлесімді тағамдарға сұраныс арта түскен. Асханалар да бұл талғамға бейімделіп, мәзірін жаңартып, қызмет сапасын көтеруге тырысуда.

Өйткені тамақ – тек қажеттілік емес, ол – мәдениет, талғам және өмір салты.