Ақсу су арнасына не үшін айыппұл салынды?

Ағын сулардың авариялық төгілу себептері туралы экологтар мәлімет берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық экология департаменті мамандарының мәлімдеуінше, Ақсу қаласы әкімдігінің өнеркәсіптік су бұру арналары аумағында орналасқан Ақсу су арнасына жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында экологиялық заңнаманың бұзылуы анықталған.
Ведомство басшысы Қанат Мұсапарбековтың айтуынша, оқиға биыл көктемде тіркелген.
– Тексеру нәтижесінде нәжіс суларының төгілгені расталды. Инспекторлар оқиға орнына барып, канализациялық авариялық карталар арқылы қоршаған ортаның ластану фактісін нақтылады. Су тасқынының алдын алу мақсатында кәсіпорын ластанған ағын суларды ауыл шаруашылығы алқаптарына бұру туралы шешім қабылдаған. Қазіргі таңда бұзушылық жойылып, нұсқама берілді. Сондай-ақ, мекемеге 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді ол.
Салалық департаменттің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері жалпы саны 49 тексеру жүргізілген. Оның 31-і – жоспардан тыс, ал 18-і – нысандарға тікелей шығумен өткізілген. Аталған тексерулер нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 57 фактісі анықталып отыр. Нәтижесінде 45 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жалпы сомасы 866,8 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Барлық айыппұл толық көлемде өндірілген.
Айта кетейік, биыл маусым айында Ақсуда экологиялық рұқсатсыз сұйық көң ауыл шаруашылығы жерлеріне төгілгені анықталған болатын. Жоспардан тыс тексеру барысында төгілген қалдықтар нәтижесінде атмосфераға ластаушы заттар бөлінгені белгілі болды. Бұл заттардың экологиялық рұқсат бойынша рұқсат етілген нормативтері көрсетілмеген.