Pavlodar Hub: бір жылда ондаған IT-жобаға қолдау көрсетілді
Павлодарда бір жыл бұрын іске қосылған Pavlodar Hub өңірдегі IT-бастамалар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған маңызды алаңға айналып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Pavlodar Hub 2025 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өңірлік хабтарды құру және дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жұмысын бастаған. Негізгі мақсаты – IT саласына қызығатын жастарды қолдау, олардың идеяларын нақты жобаға айналдыруға көмектесу және өңірде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту.
Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіповтің айтуынша, хаб жұмысының алғашқы кезеңінде-ақ нақты нәтижелер бар.
– Біз үшін тек іс-шаралар өткізу ғана маңызды емес. Басты мақсатымыз – болашағы бар идея нақты жобаға айнала алатын орта қалыптастыру. Хабқа стартаптарды дамыту бағдарламасы бойынша 70-тен астам өтінім түсті. Оның ішінде 17 команда идеядан алғашқы сатылымдарға дейін жетті. Тағы 20-ға жуық команда жобасын дамыту, мақсатты аудиториясын анықтау және алғашқы клиенттермен жұмыс істеу бойынша консультациялық қолдау алды, – деді басқарма басшысы.
Қазір Pavlodar Hub базасында шамамен 25-30 пилоттық жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Олардың арасында білім беру, бизнес, жасанды интеллект және басқа да цифрлық бағыттар бар.
Хаб мамандарының айтуынша, жоба бастау үшін міндетті түрде дайын өнім немесе портфолио қажет емес. Ең бастысы – нақты идеяның болуы. Одан әрі мамандар жобаны жетілдіруге, аудиторияның қажеттілігін анықтауға және алғашқы өнімді сынақтан өткізуге көмектеседі.
– Pavlodar Hub-тың тағы бір бағыты – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру. «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында мұнда кибергигиена мен интернет қауіпсіздігі бойынша тегін семинарлар өткізіледі. Негізгі аудитория – егде жастағы азаматтар. Әсіресе, 60 жастан асқан тұрғындарға интернет алаяқтарының әрекетінен сақтану, жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.
Хабта жастардың жобалары тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық алаңдарда да сыналып жүр. Бұған дейін Павлодарлық жас әзірлеушілер республикалық хакатондарда жүлделі орындарға ие болып, кейбір жобалар инвестиция тартқан.
Мамандардың сөзінше, стартаптың басты ерекшелігі – оның үнемі өзгеріп, жетіліп отыруы. Алғашқы идея тестілеу, аудиториямен жұмыс және кері байланыс арқылы бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Сондықтан Pavlodar Hub-та жастарға тек дайын білім беріп қана қоймай, жобаны іс жүзінде дамытуға мүмкіндік беріледі.
Бүгінде Pavlodar Hub – мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар және IT саласына қызығатын тұрғындар бас қосатын орта. Мұнда олар білім алып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, серіктестер тауып, идеяларын нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік алады.
Pavlodar Hub Павлодар қаласы, Дүйсенов көшесі, 80-үйде орналасқан. Жоба идеясы бар кез келген тұрғын хабқа келіп, оны жүзеге асыру бойынша консультациялық қолдау ала алады.