Павлодар көшелері ретке келтіріліп жатыр

Павлодар көшелері ретке келтіріліп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалада «Таза Қазақстан» акциясы аясында жолдарды қалпына келтіру мен инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков әлеуметтік желідегі парақшасында қаладағы абаттандыру жұмыстарының барысын көрсетті. Оның айтуынша, көктемнің келуімен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында кешенді жұмыстар басталған.

Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер автомобиль жолдарындағы шұңқырларды жөндеумен айналысуда. Жұмыстар 2 наурыздан басталып, негізгі учаскелерде аяқталған. Енді жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала бойынша қалған ақаулар кезең-кезеңімен жойылып жатыр.

– Қазір бізде негізгі көшелерде үлкен шұңқырлар жоқ, енді ұсақ ақауларды қысқа мерзімде ретке келтіру қажет. Бірақ ең бастысы – жұмыстың сапасы. Асфальтты суға төсеуге болмайды, алдымен шұңқыр толық тазартылып, кептіріліп, битуммен өңделіп, содан кейін ғана асфальт жабындысы төселуі тиіс, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар мердігер ұйым өкілдері жөндеу жұмыстары бірнеше учаскеде қатар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қала басшысы өткен жылы жөнделген учаскелердің сапасына қатысты шағымдар да тексерілгенін атап өтті. Мердігердің айтуынша, тексеру барысында жол жабынында ақаулар анықталмаған.

Бұдан бөлек, қалада инфрақұрылым нысандарын ретке келтіру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қоршаулар, жол белгілері мен өткелдер жөнделіп, сырлануда, сондай-ақ ағаштар мен бұталарға қалыпқа келтіру және кесу жұмыстары жүргізілуде.

– Экологиялық акция аясында қаладағы жол инфрақұрылымы, қоршаулар, белгілер, өткелдер мен жасыл желектер толық ретке келтірілуі керек, – деп атап өтті Хасар Хабылбеков.

Қазіргі уақытта өтпежолдарды сырлауға дайындық жүргізіліп, жол белгілері бояла бастаған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар толық көлемде жалғасады.