Павлодар кітап оқитын өңірге айналмақ: марафонға жеті санат қатысады

Павлодар кітап оқитын өңірге айналмақ: марафонға жеті санат қатысады
Фото: Константин Шелков

Кітап оқу марафоны тамыз айында ресми түрде басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында республикалық «Кітап оқитын ұлт» бастамасы ресми іске қосылды. Өңір әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бірлескен жұмысты бастады.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – кітапты қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, жастардың, мемлекеттік қызметшілердің, педагогтердің, студенттердің және отбасылардың оқу мәдениетін қалыптастыру.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар өңірде жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Кітап – ұлттың рухани байлығының, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқитын қоғам – ойлайтын, ізденетін, білімге ұмтылатын қоғам. Сондықтан, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, отбасылық оқу мәдениетін дамыту және оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді әкім орынбасары.

Айгүл Маликованың айтуынша, әлеуметтік желілердегі көрсеткіштерге сәйкес Павлодар кітап оқитын өңірлердің алдыңғы қатарында. Соңғы жылдары облыста үш кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи мәдени-ағартушылық орталықтарға айналды. Бұл жұмыстар облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асқан.

Бастама аясында 15 бағыт пен 24 санат қамтылады. Олардың қатарында мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, түрлі жастағы балалар, студенттер, педагогтер және отбасылар бар.

«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошевтің айтуынша, кітап оқу марафоны тамыздың екінші жартысында басталып, алты айға жалғасады.

Әр санатқа арналған арнайы кітаптар тізімі бекітілген. Қатысушылар өз бағыты бойынша 15 кітап оқуы тиіс. Марафон соңында нәтижелер сараланып, үздіктер марапатталады, – деді ол.

Марафон аясында кітап талқылаулары, авторлармен кездесулер, book-case форматындағы пікірталастар, буккроссинг, әдеби квиздер мен викториналар ұйымдастырылады.

Жалпы тізімге 330 кітап енген. Оның 165-і қазақ, 165-і орыс тілінде ұсынылады. Әр санатқа 15 кітаптан тұратын жеке іріктеме әзірленген. Оған Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Оралхан Бөкей секілді қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар әлемдік бестселлерлер мен тұлғалық даму бағытындағы еңбектер енгізілген. Жастар үшін «Гарри Поттер», «Сақиналар әміршісі» сияқты танымал шығармалар да ұсынылады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шолпан Шахметованың сөзінше, бұл бастама алғаш рет республикалық деңгейде еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып отыр.

Әрбір оқырман тобына лайық кітаптар іріктелді. Оқушыларға, студенттерге, педагогтерге, мемлекеттік қызметшілерге және отбасыларға арналған жеке тізімдер жасалды. Онда Абайдан бастап Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Оралхан Бөкейдің шығармалары, сондай-ақ шетелдік авторлардың еңбектері қамтылған, – деді Шолпан Шахметова.

Кітапхана басшысының айтуынша, бастаманы жүзеге асыруға облыстағы барлық кітапхана, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының кітапханашылары жұмылдырылады.

Қатысушылар арнайы сайт арқылы тіркеліп, өз санатына сәйкес бағытты таңдай алады. Кітаптарды кітапханалардан, кітап дүкендерінен немесе Yandex Books платформасы арқылы онлайн оқуға мүмкіндік беріледі.

Марафон қорытындысы келесі жылдың сәуір айында Павлодарда шығарылып, облыстық және республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.