Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жаңа жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді
Тәуекелге бағдарланған бұл жүйе өндіріс қауіпсіздігін арттырып, техникалық ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда тәуекел факторларын ескере отырып, техникалық куәландыруды көздейтін құбыр желілері жүйелеріне арналған Risk Based Inspection (RBI) әдіснамасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында мәлімдеді.
– Бүгінде елімізде ұлттық стандарт бекітілген және тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделген техникалық куәландырудың тиісті рәсімдері енгізілген. RBI әдіснамасы қазіргі уақытта практикалық және пилоттық сынақтан өтуде және мұнай өңдеу зауыттарында да, бірқатар мұнай-газ компанияларында да қолданылады. Болашақта бұл осы бақылау технологиясына толығымен көшуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Министрлік өкілі үш қазақстандық компанияға, соның ішінде Павлодардағы кәсіпорынға бұл жүйені енгізу өзінің жоғары тиімділігін растағанын атап өтті.
– Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларындағы отандық МӨЗ-дерде RBI әдіснамасын жүйелі қолдану тәуекелге бағдарланған қадағалау тәсілінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл тәжірибені енгізу жабдықтың істен шығу ықтималдығын азайтып қана қоймай, ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ете отырып, инспекция жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік берді, – деді Ерлан Ақкенженов.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан тәуекелге бағдарланған техникалық куәландыруды әуелі технологиялық құбыр желілеріне қатысты қолданбақ. Кейіннен бұл әдіс корпоративтік стандарттар мен бақылаудың озық тәсілдеріне бейімделе отырып, қолдану аясы одан әрі кеңейтілетін болады.