Павлодарда талай жасты шабыттандырған «Шабыт» би ансамліне 40 жыл толады

Павлодарда талай жасты шабыттандырған «Шабыт» би ансамліне 40 жыл толады

Хореографиялық ансамбль 1984 жылы құрылды. Ұжымның репертуарында 100-ден астам хореографиялық нөмірлер бар. @Pavlodarnews.kz  тілшісі би ұжымының  шығармашылығымен танысты.  

М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында балалар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оның ішіне 1984 жылы құрылған «Шабыт» үлгілі би ансамблі кіреді. Би ұжымының алғаш жаттықтырушы Нина Гончарук тәрбиеленушілерінің шығармашылық белсенділігін дамытуға өз үлесін қосқан. 

2000 жылы үйірменің жаттықтырушысы болып би ұжымының түлегі Галина Лапухина келген. Педагог 2017 жылы жоғары жетістіктері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. 

Талант, еңбекқорлық пен табыстың арқасында «Шабыт» би ұжымына «Үлгілі» деген атақ берілді. Бүгінде би үйірмесіне 80 бала барады. Олар жас ерекшеліктері бойынша төрт топқа бөлінеді: кіші екі, орта екі, ересек бір топ. Төрт жастан 18 жасқа дейінгі балалар  бимен шұғылданады. 

– «Шабыт» ансамблінің негізгі мақсаты – би өнері арқылы үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу. Баланың физикалық және эстетикалық дамуына, баланың мінезі мен даралығын айқын ашуға, сондай-ақ көшбасшылық,  ұйымшылдық мен еңбекқорлық қасиеттерін дамытуға көмектеседі. Сабақтар топта өтетіндіктен, балалар еркін, ашық және көпшіл бола бастайды. Би сабақтары балаға қозғалыс, қарым-қатынаста көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, ішкі әлемін байытады және өзін тануға көмектеседі, – деп атап өтті көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаева.  

Оның сөзінше, би ұжымы облыс тұрғындары үшін көптеген концерттер ұйымдастырады, қалалық, облыстық және халықаралық байқаулардың қатысушылары атанған. Жалпы би ұжымының қоржынында 92 марапат бар. 

– Қала тұрғындары концерттерге қуана келеді. Жыл сайын көрермендер саны артуда және қатысушылардың саны да өсіп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген ұлдар мен қыздар келді. Әр баланың бойында талант бар деп толық сеніммен айтуға болады, – деп түсіндірді Жанар Қалтаева.

Балалар ансамблінің репертуарында әлем халықтарының билері, классикалық және заманауи билер, сюжеттік композициялардан тұрады. Ұжымның репертуарында 100-ден астам хореографиялық нөмір бар.