Павлодар мектебі Отбасы күнін атап өтті

Павлодар мектебі Отбасы күнін атап өтті
Фото: №7 мектеп мұғалімдері

Балалар қалам мен дәптерді допқа ауыстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№7 жалпы орта білім беретін мектебінде 1-сынып оқушылары арасында «Көңілді эстафета» өтті. Оқушыларға спорттық формасы мен ептілігін көрсетуге ата-аналар көмектесті. Барлығы бес отбасы қатысты.

Қатысушылар жылдамдық, ептілік және күш сынасты. Қанат отбасына тең келер ешкім болмады. Олар барлық жарыстар бойынша жеңіске жетті. Ұйымдастырушылар – дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Дәулет Жапарханов, Мейірхан Уәлиханов және Элиза Мейірбекова павлодарлықтарды Отбасы күнімен құттықтап, әрқайсысына бақыт, амандық және бірлік тіледі.

Мектеп оқушысы Дана Ғалымбек ата-анасымен бірінші орынға ие бола алмағанына ренжісе де болашақта жоғалтқан уақытының орнын толтыруға үміттенеді.

- Әрине, жеңгіміз келді, бірақ жеңіліп қалдық. Жарыс бәрібір қызық болды. Маған ұнады, - дейді бірінші сынып оқушысы.

Қорытындылай келе, жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды, қатысушылар бір-бірін мерекелерімен құттықтап, бірге суретке түсті.