Павлодар мен Ертіс арасындағы тас жолда көлік аударылды

Павлодар мен Ертіс арасындағы тас жолда көлік аударылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі адам қаза тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Соңғы төрт тәулікте павлодарлық «103» қызметі 15 жол-көлік оқиғасына шықты. Алғашқы ірі жол-көлік оқиғасы 30 тамыз күні Павлодар мен Ертіс арасындағы тас жолда, Әуелбек ауылына жетпей орын алды. Автокөліктің аударылып кеткені жөнінде шақыртуға Қызылжар және Мүткенов ауылдарынан «103» қызметінің екі бригадасы жіберілді. Өкінішке қарай, 34 жастағы әйел мен 14 жастағы жасөспірім оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш адам – 56 жастағы ер адам және 1957, 1973 жылғы әйелдер Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Сол күні Қалқаман кенті маңында тағы бір көлік жолдан шығып кеткен. 19 жастағы қызды катастрофа медицинасы орталығының бригадасына тапсырды. Ал қалған үш жолаушы – 2004 жылы туған қыз бен екі жігіт тексерілуден бас тартты.

– Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғалары, әсіресе тас жолдарда болғандары, жедел жәрдем үшін ең ауыр жағдайлардың бірі болып саналады, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. 

Оның сөзінше, мұндай сәттерде әрбір минут қымбат. «Алтын сағат» деп аталатын кезеңде – яғни алғашқы бір сағатта көрсетілген дер кезінде медициналық көмек адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. 

– Сондықтан Павлодар облысында біз ірі облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарға қосымша жедел жәрдем бекеттерін орналастыруға тырысамыз. Оларды әрбір 50 шақырым сайын орналастыру бізге оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Павлодарда 1 қыркүйек күні Толстой – Академик Марғұлан көшелерінің қиылысында SAZ LE 60 маркалы автокөлік жүргізушісі жаяу жүргіншіге соқтығысты. Жаяу жүргінші жолды жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде жол-көлік оқиғасы орын алған.