Павлодар мен көршілес облыстар арасындағы қатынас толық қалпына келді
Астана, Қарағанды және РФ шекарасы бағыттарындағы республикалық маңызы бар тас жолдар көліктің барлық түрі үшін ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 қаңтар күні сағат 21:00-ден бастап республикалық маңызы бар бірнеше автожолда көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс ашылды. Енді жүргізушілер Павлодар облысынан Ақмола және Қарағанды бағыттарына кедергісіз қатынай алады.
Павлодар облысы бойынша «Қызылорда – Шідерті» (Қарағанды облысы шекарасынан Шідертіге дейін), «Қалқаман – Ботақара» (Қалқаманнан Қарағанды облысы шекарасына дейін) және «Астана – РФ шекарасы» (Атамекен ауылынан Ақмола облысы шекарасына дейін) бағыттарында жол ашық. Сонымен қатар, Ақмола облысы аумағында Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейінгі жол бөлігі де іске қосылды.
Қарағанды бағытында да жағдай тұрақталды: Молодёжный ауылынан Павлодар облысының шекарасына дейінгі және Ботақара ауылына дейінгі жолдарда қозғалысқа рұқсат берілді.