Павлодар мен Ташкент спорт саласында ынтымақтастықты нығайтады

Павлодар мен Ташкент спорт саласында ынтымақтастықты нығайтады
Фото: Константин Музалевский

Павлодар облысы мен Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласы өзара келісім жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев пен Ташкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бегзод Убайдуллаев меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен рәсімделді.

Тараптар спорттық медицина, допингке қарсы бақылау, дене тәрбиесі, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спорты, сондай-ақ спорттық нысандарды салу мен пайдалану мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу туралы келісті.

Меморандум аясында түрлі спорт түрлері бойынша бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, сала мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеу жоспарланып отыр.