Павлодар облысының әкімі Екібастұзда салынып жатқан ферроқорытпа зауытында болды
Құрылыс жұмысы жүріп жатқан жерде кадр тапшылығы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін кеншілер шаһарына жұмыс сапарымен арнайы барған облыс әкімі Асайын Байханов "EkibastuzFerroAlloys" ЖШС ең үлкен жобасының аяқ алысын өз көзімен көріп, бағамдап қайтты.
Серіктестік директоры Мадияр Данияровтың айтуынша, зауыттың құрылысы аяқталғаннан кейін мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
- Құрылыс жұмысы 2022 жылы қарқынды түрде басталды. Бүгінгі таңда мында 1500-ден астам адам қызмет етеді. Зауыт іске қосылған кезде мұндағы тұрақты қызметкерлер санын 800-ге жеткізу ойымызда бар, - деді Мадияр Данияров.
Аймақ басшысы кадр мәселесін болдырмау үшін мамандарды даярлаудың арнайы бағдарламасы қажет екенін атап өтті.
- Екібастұз бізде индустриялдық қала болғаннан кейін біраз адамды оқытып, білім беріп, сауаттылығын арттыруға арналған бағдардаламар ашу керекпіз. Себебі бұл облыстағы ең үлкен жоба. Мұндағы жұмыстар аяқталғаннан кейін еліміз ферросилицийді сырт елдерден тасымайтын болады, - деді Асайын Байханов.
Серіктестік директоры кадрлардың біліктілігін арттыруға арналған жобалар әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Ал Асайын Байханов жаңа зауыттың электр мәселесін шешуді қолға алатынын жеткізді.
Технологиялық мүмкіндігі заманауи стандартқа сай нысан толық автоматтандырылған. Зауыт құрылысы осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, іске қосылмақ.
Айта кетелік, ферроқорытпа зауытында 4 жылу қазандығы бар. Оның қуаттылығы 94,5 МБ. Ал зауыт аумағы 92.4 га.