Павлодар оқушылары Мұхтар Әуезовтің мұрасымен танысты

Павлодар оқушылары Мұхтар Әуезовтің мұрасымен танысты
ЖИ иллюстрациясы

Оқушыларға арналған «Әуезовтің ұлы мұрасы» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақтың көрнекті жазушысының туған күніне арналған іс-шара ұйымдастырылды. Білім ордасының фойесінде «Абай жолы» роман-эпопеясының авторының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме қойылды.

Бағдарламада әдебиет пен мәдениеттің белгілі өкілдері – Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Александр Пушкин және Уильям Шекспирдің бейнелері де ұсынылды. Кейіпкерлер көрермендерге ізгі тілектерін айтып, ақжолтай лебіздерін жеткізді.

Мектеп оқушылары өлеңдер оқып, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Ал жетінші сынып оқушылары «Сегіз аяқ» әнін ұсынды. Кештің музыкалық бөлігін мұғалімдер Айгүл Ибраева мен Мағжан Ысқақ дайындады.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнеролик болды. Заманауи технологияның көмегімен Мұхтар Әуезовтің бейнесі жаңғыртылып, оның жас ұрпаққа арнаған үндеуі көрсетілді. Бейнероликте жазушы оқушыларды білімге ұмтылуға және рухани құндылықтарды қастерлеуге шақырды.

Әдеби-сазды кеш оқушыларға Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасына жаңаша көзқараспен үңіліп, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін тереңірек тануға мүмкіндік берді.