Павлодар облысында волонтерлерге гранттар не үшін беріледі?

Шағын грант сомасы 500 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Әлеуметтік-волонтерлік жобаларға арналған шағын гранттар байқауын ұйымдастыру» қарастырылған. Бұл шеңберде алты волонтерлік әлеуметтік жобаны іске асыру үшін әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде шағын гранттар беріледі. Оған зооволонтерлік, әлеуметтік, білім беру саласындағы, этномәдени, медицина және төтенше жағдайлар саласындағы, экологиялық волонтерлік бағыттары кіреді.
– Шағын гранттар конкурсына бір ерікті де, ұйым да қатыса алады. Негізінен 500 мың теңгені ұтып алғандар инициативтік жобаны іске асырып, іс-шараны өткізу үшін жұмсайды, – деді Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.
Облыстық конкурс жаз кезінде өтеді. Үш грант қалалар арасында, ал қалған үш грант аудандарға беріледі.
– Биыл біз аудандардың еріктілеріне назар аударып, оларды тарту үшін жұмыс істейміз. Әрине, қалада жастар көп, бірақ ауданның жастары да қатысуы керек, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Қатысуға өтінім беру, конкурстың ережелерін білу үшін Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік желісіндегі парақшасына @aqparatqogam_pavlodar жазуға болады.