Павлодар облысы Қазақстанды ферроқорытпалар бойынша көшбасшыға айналдырады
Өңірлік өндірістің арқасында шикізаттық емес тауарлар экспорты да артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысынан басқа елдерге 412 миллион теңгенің шикізат емес тауарлары экспортталды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4 пайызға артық.
– Стратегиялық маңызы бар жобалардың қатарында Екібастұзда биыл іске қосылатын жаңа ферроқорытпа зауыты бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда саясаты бөлімінің басшысы Кәрімжан Байсарин. – Зауыттың ашылуы елімізге Қытайдан кейінгі әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндіруші болуға мүмкіндік береді. Өнімнің жүз пайызы экспортқа шығарылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында спикер 2026 жылы облыста инвестиция көлемі 78 миллиард теңгені құрайтын ұсталық-бандаж кешені іске қосылып, 500 жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Өнімдері де экспортқа бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, олар технологиялық серіктес – оңтүстіккореялық «SAC Co» компаниясымен бірлесіп Екібастұзда жаңа ферроқорытпа зауытының жобасын әзірлеуде. Компанияның ферроқорытпа өнеркәсібінде үлкен тәжірибесі бар және өзін осы салада көшбасшы ретінде көрсетті. Зауыт жылына 160 мың тонна өнім шығарып, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады. Негізгі өнімдері ферросилиций-75 болып табылады.