Павлодар облысы экологиялық қылмыс саны ең аз тіркелген өңірлердің қатарына кіреді

Жыл басынан бері тек үш құқық бұзушылық орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, биылғы жыл бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (ЕҚДБ) 133 экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға аз.
Өңірлік бөліністе экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Қызылорда облысында тіркелді – 21 жағдай. Былтыр 13 жағдай болған еді. Тізімнің екінші позициясын Алматы ұстап тұр. Ол өңірде 14 жағдай тіркелді. Ақмола облысында 11 жағдай болса, Маңғыстауда 9 жағдай орын алды. Ал Атырау және Қарағанды өңірлерінде 8 бұзушылық тіркелген болатын.
Ал экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең аз жағдайы Абай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астанада тіркелді. Павлодар облысында үш айдың ішінде үш факт болған. Бұл ретте тек Шымкентте бірде-бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ.
Экологиялық салаға қатысты ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысуға келеді – 44 жағдай.
Одан кейін заңсыз аң аулау – 32 жағдай және балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру – 28 жағдай тұр.
Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге, жоюға немесе бүлдіруге 16 қылмыстық құқық бұзушылық, жер қойнауын өз бетінше пайдалануға — 11 жағдай, жердің бүлінуіне — 2 жағдай жатқызылды.