Павлодар облысы – ел бойынша көмір өндірудің көшбасшысы
Биыл өңір 48 миллионнан астам тонна көмір өндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
EnergyProm сараптамалық порталының мәліметінше, Қазақстанда биыл көмір өндіру көлемі артып, сала соңғы екі жылдағы төмендеуден кейін қайта өсімге шықты. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде 84,6 миллион тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда алты пайызға көп.
Өндірілген көмірдің ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде облысқа тиесілі – шамамен 48,8 миллион тонна. Бұл – ел бойынша жалпы көлемнің жартысына жуық бөлігі. Екінші орында – Қарағанды облысы, одан кейін Абай облысы және Ұлытау облысы келеді.
Баға динамикасына келсек, қазан айында көмір республика бойынша 1,4 пайызға қымбаттаған. Қыркүйекте өсім бұдан да жоғары – 3,1 пайыз, ал өткен жылдың қазанында 1,1 пайыз болған. Осылайша бір жыл ішінде көмірдің орташа бағасы 9,2 пайызға өскен.
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша ел бойынша бір тонна көмірдің орташа бағасы шамамен жиырма мың теңгені құрады. Ең жоғары баға Актөбе қаласында – 25,5 мың теңге, ал ең төмен баға Петропавлда – 16,3 мың теңге болды. Павлодарда көмірдің бір тоннасы шамамен 17 мың теңге, бұл ел бойынша ең қолжетімді бағалардың бірі саналады.