Павлодар облысында колонияға телефон өткізбек болған әйел ұсталды

Павлодар облысында колонияға телефон өткізбек болған әйел ұсталды
Иллюстрация: жасанды интеллект

Батырмалы ұялы телефон шай өнімдерінің арасына жасырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы №46 мекеме қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, түзеу мекемесіне тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті.

– Сәлемдемені тексеру кезінде шай өнімдерінің арасынан жасырылған қара түсті батырмалы ұялы телефон табылды. Құрылғы жұмыс істеп тұрған, алайда SIM-картасы болмаған, – деді Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылды. Әкімшілік материал сотқа жолдануға дайындалып жатыр.

Тыйым салынған заттың анықталған сәті мекеме қызметкерінің жеке бейнетіркегішіне жазылған.

Қылмыстық-атқару жүйесі өкілдері түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасағаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салды.