Павлодар облысы мемлекеттік қызметтерді үйге жеткізу бойынша үздік үштікке енді
Өңірде «Үйге баратын жеке менеджер» сервисін пайдаланушылар саны 500-ге жуықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер азаматтарға жақындай түсуде - олардың бірқатарын ХҚКО-ға бармай-ақ алуға болады. 2026 жылдың жеті айында «Үйге баратын жеке менеджер» сервисін шамамен 1,5 мың қазақстандық пайдаланды. Соның ішінде аталмыш сервисті 435 павлодарлық пайдаланды. Осы көрсеткіш бойынша Павлодар облысы еліміздегі өзге өңірлер арасында көшбасшы үштігіне енді.
Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтінім беріп, мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтінім бойынша фронт-офис маманы клиенттің үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі. Мұндай формат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және түрлі себептермен ХҚКО-ға жеке баруы қиын азаматтарға ыңғайлы. Қызмет қолданыстағы тарифтерге сәйкес ақылы болып табылады.
— Үйге баратын жеке менеджердің көмегімен мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын алуға болады. Паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-лардың қызметтері бұған кірмейді, өйткені оларды алу үшін азаматтың жеке қатысуы және тиісті рәсімдерден өтуі қажет, - делінген хабарламада.
Маманның үйге келуіне өтінімді «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға арналған қызметтер» - «Жеке менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Сонымен қатар, өтінімді 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы беруге болады.