Павлодар облысы Омбы өңірімен бес меморандумға қол қойды
Асайын Байханов бастаған ресми делегация Омбы қаласында өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» тақырыбындағы халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Асайын Байханов сөз сөйлеп, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара маңы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
– Ресей Федерациясының жақын орналасқан өңірлерімен жан-жақты ынтымақтастық орнату әлеуметтік-экономикалық интеграцияның маңызды драйвері болып табылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қатынастардың негізін ортақ тарих, мәдени-рухани жақындық құрайтынын бірнеше рет атап өткен болатын. Біз Омбы облысымен серіктестігімізді жоғары бағалаймыз. Біздің өңірлерді Орталық Азиядағы маңызды трансшекаралық су артериясы – Ертіс өзені біріктіреді, – деді өңір басшысы.
Форумда Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Асайын Байханов облыс аумағындағы Ертіс өзеннің ұзындығы 720 шақырымды, кеме қатынасы шамамен 190 күнге созылатынын, ал флоттың өткізу қабілеті жылына 700 мың тоннаға жететінін мәлімдеді.

Бүгінде өңірде ірі көлемдегі жүктерді түсіруге арналған қосымша айлақтың құрылысы аяқталды. Алдағы кезеңдегі басым міндеттер – су жолының кемінде 160 сантиметр кепілдендірілген тереңдігін қамтамасыз ету, өзен көлігін дамыту жол картасы аясында гидротехникалық нысан салу және шекаралық өзен бақылау бекетін ашу.
Сонымен қатар «Үрлітөбе» және «Амангелді» автокөлік өткізу бекеттерін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жүк ағынын 15-20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін Павлодар-Омбы әуе бағытын қайта ашу мүмкіндіктерін қарастырды.
Аймақ Қазақстанның жетекші индустриалды өңірлерінің бірі болып қала береді: мұнда елдегі электр энергиясының 42 пайызы, алюминийдің 100 пайызы, көмірдің 60 пайызы және ферроқорытпалардың 56 пайызы өндіріледі.

Сапар барысында Павлодар облысының делегациясы Шоқан Уәлиханов ескерткішіне, Мемлекет басшысының мемориалдық тақтасына және басқа да нысандарға гүл қойды. Сонымен қатар өңір басшысы Омбы облысындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті.
Асайын Байханов отандастарын келер жылы аймақта өтетін көрнекті ғалым Әбікен Бектұровтың 125 жылдығына арналған іс-шараларға және II «Ертіс-Баян» театр фестиваліне шақырды. Сондай-ақ облыс әкімі «Ана тілі» орталығында қазақ тілін онлайн оқыту мүмкіндігі бар екенін хабарлады.
Шекара маңындағы екі өңірдің арасында білім, ғылым, тәжірибе алмасу, сондай-ақ олимпиадалар мен конференциялар өткізу саласында бес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған және ол табысты іске асырылуда.
Сапар барысында облыс делегациясы өнеркәсіптік кәсіпорындарды, ғылыми және мәдени орталықтарды, Омбы облысының туристік және инвестициялық жобаларын аралап, Ертіс туралы фотокөрмені және басқа да нысандарды тамашалады.