Павлодар облысы жолдарында медициналық қызмет бекеттері ашылмақ
Бекеттер тәулік бойы қызмет көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімдікте денсаулық сақтау саласы жұмысының алдын ала қорытындылары қаралды.
Ағымдағы жылдың 10 айында өңірде бала туу, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының, жол-көлік оқиғалары кезіндегі жазатайым оқиғалардың теріс динамикасы байқалады.
Жиналыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі Асайын Байханов денсаулық сақтау басқармасын ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша идеологиялық жұмысты да сынға алды. Аймақ басшысы анықталған ауруды емдеу емес, оның алдын алу ең жақсы тәжірибе екенін атап өтті.
Сонымен қатар, облыс әкімі республикалық маңызы бар жолдардың ұзақтығын ескере отырып, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлімді азайту үшін Ақсу-Курчатов, Тереңкөл-Железин бағытындағы республикалық жолдардың бойында тәулік бойы қосымша шұғыл медициналық қызмет бекеттерін ашуды тапсырды.