Ақсу қаласында жазалардың орындалуын бақылау күшейтіледі
Шаһарда қоғамдық жұмыстарды орындауды бақылау қатаңдатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық AMANAT партиясы филиалында әкімшілік ықпал етудің ең тиімді шараларының бірі – қоғамдық жұмыстарға арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылауға полиция қызметкерлері, прокурорлар, судьялар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар қоғамдық жұмыстар құқық бұзушыны қоғамнан оқшауламай-ақ тәртіпке және жауапкершілікке үйретудің тиімді тәсілі екенін атап өтті. Алайда бұл шара толық нәтижелі болуы үшін нақты бақылау тетігі қажет екені айтылды.
Судьялар қаулы шығару тәртібін және қоғамдық жұмыстарды өтеудің басталғаны туралы уақтылы хабарлаудың маңызын түсіндірді. Прокуратура өкілдері жұмыстардың нақты орындалуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті – «көзбояушылық үшін» жұмыс істеуге жол берілмейді. Полиция мен әкімдік өкілдері құқық бұзушылардың қалаға қандай жұмыстар арқылы пайда әкелетіні, атқарылған сағаттарды нақты есепке алу және олардың тәртібін бақылау мәселелерін жан-жақты талқылады.
– Мұндай кездесулер ортақ іс-қимыл алгоритмін қалыптастырып, жұмысымызды үйлестіруге мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – жазаның бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету және әрбір құқық бұзушының қоғам игілігі үшін үлес қосуына жағдай жасау, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алмас Бәйімбет.
Кездесудің басты нәтижесі – ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту туралы шешім болды. Енді сот, полиция және әкімдік арасындағы ақпарат алмасу жедел жүргізіліп, жазадан жалтаруға жол берілмейді.