Павлодар облысында Республика күніне орай қандай әлеуметтік нысандар ашылады?

Павлодар облысында Республика күніне орай қандай әлеуметтік нысандар ашылады?
Фото: Константин Шелков

Нысандар 20 қазаннан бастап іске қосыла бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов мәлім етті.

– Көп жылдар бойы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін атап жүрдік. Бұл қайғыға толы күн болғандықтан, идеологиялық жағынан мерекелеу ауыстырылды. Енді 25 қазанда Республика күні атап өтіледі. Еліміздің ішіндегі еңбегі сіңген азаматтардың жетістіктерін көрсетіп отырамыз. Уақыт өте келе халық күтетін мереке болады деп ойлаймын, – деді  Әзілхан Әбеуов.

Оның сөзінше, мерекелеу қарсаңында өңірде жаңа нысандардың ашылуы жоспарлануда.  

– Павлодар ауданында жаңадан Роза Бағланова атындағы 350 орындық мәдениет үйі есігін айқара ашпақ. Тереңкөл ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 10 үйдің кілттері табысталады. Сондай-ақ, Осмерыжск ауылында жаңадан салынған су құбыры іске қосылмақ. Ал Жаңабет ауылында футбол алаңы қолдануға беріледі, – деді спикер.

Биыл Баянауыл ауданында күрделі жөндеуден өткен екі ауыл клубы да салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Ал Успен ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көпфункционалды спорт алаңы мен күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ашылады. Сондай-ақ, Богатырь ауылында су құбыры қолданысқа берілетін болады. 

Айта кетейік, Павлодар облысында Республика күнін мерекелеуге арналған төрт жүзден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Дәстүрлі мерекелік концерттер, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.