Павлодар облысына оңтүстіктен 600 тонна картоп пен пияз әкелінеді

Павлодар облысына оңтүстіктен 600 тонна картоп пен пияз әкелінеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның 400 тоннасы – картоп, 200 тоннасы – пияз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы аппараттық жиналыста облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Руслан Тілеулесов мәлім етті.

Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес «Павлодар» ӘӘК» АҚ оңтүстік өңірден ерте пісетін көкөністерді жеткізу бойынша келісімшарт жасасқан. 

– Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселесі өзекті болып қала береді және басқарманың тұрақты бақылауында. Апта сайын қалалар мен аудандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргіземіз, – деді Руслан Тілеулесов.

Баяндамашының сөзінше, бір апта ішінде жеті аймақта қырыққабат, төрт аймақта сәбіз, үш аймақта пияз, екі ауданда картоп бағалары арзандаған. Соңғы аптада үш қала мен Аққулы, Ақтоғай, Шарбақты, Ертіс аудандарында бағаның өсуі тіркелмеген.

Статистика деректері бойынша Железин ауданын қоспағанда, барлық ауданда рожки және алты  ауданда күріш бағасының өсуі тіркелген. 

– Облыстық тұрақтандыру қорында тауар жеткілікті. Бірақ сол қордан қалалар мен аудандардың алатын тауарлар көлемі өте төмен. Бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Павлодар, Тереңкөл, Ақтоғай, Шарбақты аудандарының әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыруы керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында он төрт мың тоннаға жуық өнім бар. Әлеуметтік тауарларды өткізу тұрақтандыру қорының 217 серіктес дүкені арқылы жүргізіледі. Ағымдағы жылдың басынан бастап 254,1 миллион теңге сомасына 812,5 тонна сатылған.