Павлодарда жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз, бірақ мүмкіндік көп

Жыл соңына дейін өңірде 25,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзгеріссіз көрсеткіш.
Өңірде 2025 жылға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітілген. Соның аясында 25,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның 72 пайызы тұрақты жұмыс орындары болмақ.
– Біз Президенттің «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» тапсырмасын орындай отырып, жыл соңына дейін жеті мыңнан астам адамды еңбекпен қамтуымыз керек, – деді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде де тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыру шаралары атқарылып жатыр. Бизнес идеяны іске асыру кезеңінде биылғы жылы облыста 406 грант бөлінгені мәлім. Жалпы, бос жұмыс орындарында жұмысқа орналастыратын адамның саны 9958-ді құрады, тек оның бүгінгі таңда 5701 адамды орналастырып, 57,3 пайызға жетіп отыр. Оның жылдың алғашқы жартыжылдығында 60,3 пайызы, яғни 15 379 адам жұмыспен қамтылған, оның 9 730-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Қазіргі уақытта облыста 108 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, соның арқасында 1 019 адам жұмыспен қамтылған. Бұл – жоспардың 80 пайызы.
– Биыл 406 қайтарымсыз грант бөлініп отыр. Қазірдің өзінде 220 грант иесін тапты. Бұл қаржы мал шаруашылығы, өсімдік өсіру, құрал-жабдық сатып алу және үй-жай жалдау сынды мақсаттарға жұмсалады, – деп нақтылады басқарма басшысы.
Сонымен қатар, еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімі» жобалары белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұлардың арқасында түлектер алғашқы тәжірибесін алып, кейіннен тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Жыл соңына дейін Павлодар облысында еңбекпен қамту көрсеткіші соңына дейін орындалады деп жоспарлануда. Мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымдық жобалар және цифрлық еңбек биржасының тиімді жұмысы -‐ өңірдің еңбек нарығындағы тұрақтылықтың кепілі болмақ.