Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары келді

Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары келді
Фото: Валерий Бугаев

Өңірдің ауыл шаруалығы және суару мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, вице-премьер «Жайлау» әлеуметтік фермерлік базарына, Кемеңгер ауылындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын шығару және тарату, сондай-ақ, агротехнологияны енгізу, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша павлодарлық тәжірибелік станцияға барды. Жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, суару мәселелері бойынша жиналыс өткізіп, саладағы ағымдағы ахуалды талқылады. 

Жиналыста Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов климаттық тәуекелдерді ескере отырып, өсімдік шаруашылығының табиғи құбылыстарға тәуелділігін барынша азайту міндеті тұрғанын атап өтті. 

– 2023 жылы 3,3 мың га алқапта суару бойынша 6 жоба іске асырылды, тағы 6 жобаны іске асыру жалғастырылады. Біз суармалы жерлердің жалпы көлемін 175 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Суармалы жерлерді инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша біздің өңірге 2,4 млрд теңге бөлініп, игерілді. 81 бірлік шетелдік маркалы жаңбырлатып суаратын машиналар сатып алынды. 73,3 мың гектарда лиманды суаруды дамыту жұмыстары басталды, – деді облыс әкімі. 

Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, 2024-2030 жылдарға арналған суару жүйелерін кезең-кезеңмен қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар әзірленді, 6 жыл ішінде облыстың барлық лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту жоспарлануда. 

Жиналыста ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин инвестициялық субсидиялаудың жаңа ережелері туралы айтты.

– 2023 жылғы 10 желтоқсаннан бастап суармалы жерлерде су алу және беру үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде фермерлердің ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 80%-ға дейін ұлғайту көзделген, – деп хабарлады вице-министр. 

Серік Жұманғарин қолда бар ресурстарды үнемдеу және дұрыс бөлу өте маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанда су үнемдеу технологияларын өндіру бойынша жобаларды іске асыратын мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жиналысқа қатысушыларға осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар пулы таныстырылды.

Талқылауды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақтарды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайтуды тапсырғанын атап өтті. Осыған байланысты вице-премьер бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті бюджет есебінен су үнемдейтін технологияларды сатып алуға арналған шығындарды өтеу нормативін 80%-ға дейін ұлғайту бөлігінде инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруды; Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ осы бағытта инвесторларды тарту үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді; Су ресурстары және ирригация министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін жоспарлы жұмыс жүргізуді және суарудың заманауи әдістерін енгізу үшін ынталандырушы шараларды қарастыруды тапсырды.