Павлодар облысынан табылған Алаш зиялыларының еңбектері көрмеге қойылды

Павлодар облысынан табылған Алаш зиялыларының еңбектері көрмеге қойылды

Достық үйінде өткен «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты республикалық конференцияда «Алаш аманаты» атты көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды, @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлкей Марғұлан атыдағы Павлодар педагогикалық университетінің доценті Әділбек Әміреновтің мәліметінше, көрмеге Павлодар облысының аумағынан табылған құнды кітаптары қойылған.

– Келушілер көрмеде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбаларымен, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санк-Петербургте басылып шыққан тұңғыш кітабымен, Ахмет Байтұрсыновтың  араб  әліпбиі нұсқасында жарық көрген «Маса» жинағымен танысты, – деді Әділбек Әміренов.

Сондай-ақ, Павлодар өңірінен  табылып, 1923 жылы Мәскеу қаласында басылған Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» журналы, Н.Төреқұловтың «Темір қазық» журналы, 1923 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққан «Жас қазақ» журналы және 1923 жылы басылған Қ.Кемеңгеровтың  «Қазақ тарихынан» кітабы көрмеге қойылған. 

Сонымен бірге, музейдің қорынан Бұқар жырау Қалқаманұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кошмұхамбет Кемеңгеров, Жүсіпбек Аймауытов, Естай Беркімбаев, Мұзафар Әлімбаев, Жармұхамбет Тіленшиннің шығармашылығына байланысты жәдігерлер қойылады.

Шара барысында Иманжүсіп Құтпанұлының немересі – философия ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры, мәдениеттанушы Раушан Иманжүсіп патшалық Ресей өкіметі кезінде жалған жаламен қуғынға түскен халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлы  жайлы тың деректер айтып өтті. 

– Мен Қызылордада өткен Иманжүсіп Құтпанұлының әндері шырқалған шараға куә болып келдім. Мұнда барлық жас әншілер Иманжүсіп әндерін шырқады. Бұл өте керемет көрініс болды және жас әншілер барлық облысты араласа деймін. Өйткені Иманжүсіп Құтпанұлының өмірбаяны бүкіл Қазақстанға тиесілі,  географиясының аясы кең, – деді Раушан Иманжүсіп. 

 Раушан Иманжүсіп  алаш зиялысының еңбектерін жинаумен өзі айналысқанын айтты.

– Қазір қуғын-сүргінге ұшырағандарды түпкілікті ақтау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Ал сол көтеріліске жетекшілік еткен, қолдарына қару ұстаған азаматтарға «Халық Қаһарманы» атағы беріледі. Олардың  әні халық қазынасы ретінде танылатын болады. Менің ойымша, біздің атқарған жұмысымыз зая кетпеді. Барлық зерттеген жұмысымыз зая кетпеді, – деді ол. 

Спикердің сөзінше, 30 мамырда Астана қаласында Иманжүсіптің әндері орындалатын концерт өткізу жоспарланған. Шарада ақынның 30-ға жуық әні шырқалатын болады. Бүгінде дайындық басталып кеткен.

Айта кетейік, Павлодар өңірінен табылған кітаптар мен жазбалар аударылып, алдағы уақытта  өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады.