Павлодар облысындағы ауылдан екі футбол командасы шықты

Павлодар облысындағы ауылдан екі футбол командасы шықты
Фото: istockphoto.com/matimix

Жас спортшылар қазір жастар лигасында өнер көрсетуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Тереңкөл ауданына барған жұмыс сапары аясында Қызылтаң ауылына барып, тұрғындарымен кездесті. Алдымен аймақ басшысы ауылдағы мәдениет үйінің жұмысымен танысып шықты. 2023 жылы ашылған ғимаратқа жүз миллионнан астам қаражат жұмсалды. Ішінде домбыра және вокалды-аспаптық үйірмелер бар. Ауыл тұрғындарынан құралған «Ауылдастар ансамблі» де жұмыс істейді.

– Өнер ордасында қыздардан құралған «Қызғалдақтар» би үйірмесі және моншақтардан түрлі бұйымдар жасайтын «Он саусақ» үйірмесі де бар. Оқушылардың жұмыстарын арнайы ұйымдастырған көрмелерде қойып, көрсетеміз, – деді мәдени сауықтыру орталық мәдени ұйымдастырушысы Гүлсім Шойынбаева.

Оған қоса орталықта кітапхана бар. Ауыл тұрғындары келіп, әдеби шығармаларды оқиды. Кейбіреулері газеттерге жазылмағандықтан, кітапханада келіп оқып жатады. 

Кездесу барысында елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту, мәдениет пен спорт саласындағы мәселелер кеңінен талқыланды. Ауыл тұрғындары соңғы жылдары аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар үшін алғыс білдірді. 

Жүздесуде ауыл жастарының спорттағы жетістіктері де сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, 2020 жылы аудан әкімі Азамат Маңғұтовтың қолдауымен салынған спорт алаңы бүгінде үлкен нәтиже беруде.

–  400 тұрғыны бар ауылдан екі футбол командасы шықты. Қазір олар Павлодарда өтетін Unity және Жастар лигасына қатысады. Аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Бұл — ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік, – деді ауыл белсендісі.

Қызылтаң тұрғындары аймақ басшысынан аудан орталығында бассейн салып беру бойынша өтініштерін жеткізді.

– Балаларымыз өсіп келеді. Уақытын спортқа, бассейнде жүзуге бөлсе екен дейміз. Ертістің ағысы қатты, балалар үшін қауіпті. Сондықтан арнайы жабық бассейн қажет, – деді ауыл тұрғындары.

Өз кезегінде облыс әкімі бұл бастаманың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыру аясында ауылдарды бір деңгейге көтеру — басты мақсаттардың бірі.

– Қазір Успен, Май және Ертіс аудандарында бассейн салынып жатыр. Біз әр жылы үш ауданда бассейн салуды жоспарладық. Сіздердің аудандарыңыз келесі жылдың тізіміне енуі мүмкін, – деді облыс басшысы.

Оның сөзінше, нақты шешім жобалық-сметалық құжаттама дайын болуына байланысты болады. Қарашада дайын болса, наурыздағы нақтылауда қарастырылады.

Фото: Константин Шелков