Павлодарда лас нөмірлі көлік жүргізушілері қандай айыппұл төлейді?

Павлодарда лас нөмірлі көлік жүргізушілері қандай айыппұл төлейді?
Фото: Константин Шелков

Өңірде мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің ластануы жиіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертуде.

Мәселен, «Омбы–Майқапшағай» трассасында нөмірі оқылмай қалған DAF жүк көлігі тоқтатылды. Павлодар қаласында Қамзин–Ломов көшелерінің қиылысында Mazda көлігі ұсталды. Ал Жетекші ауылында Hyundai Starex автокөлігінің жүргізушісі де осындай құқықбұзушылық жасаған.

Полицейлердің айтуынша, мемлекеттік нөмір әрдайым таза болуы тиіс. Ол көлікті сәйкестендіру үшін қажет, ал нөмірдің оқылмауы жол қозғалысы ережелерін бұзу болып саналады. Мұндай жағдайда айыппұл сол жерде салынады.

– Жыл басынан бері өңірде көлік құралдарын стандартқа сай пайдаланбағаны үшін 954 хаттама толтырылды. Оның ішінде 87 жағдай – оқылмайтын мемлекеттік нөмірлерге қатысты. Жүргізушілерге айыппұл салынды, – дейді мамандар.

Шаралар азаматтардың қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Заң бұзғандар жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Мұндай құқықбұзушылық үшін жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  «Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару» 590-бабында көзделген. Лас немесе оқылмайтын нөмір үшін – 5 АЕК мөлшерінде айыппұл (2026 жылы – 21 625 теңге) қарастырылған.