Екібастұз оқушылары дрондарды басқаруды үйренуде

Бастапқы қадам – дрондардың құрылысын үйрену және қауіпсіздік ережелерін меңгеру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде жаңа оқу жылы басталған сәттен бастап ерекше жаңалыққа қол жеткізілді. 8–12 жас аралығындағы балалар үшін «Пилотсыз ұшу аппараттары клубы» ашылып, XXI ғасырдың ең перспективалы технологияларының біріне жол ашылды.
Алғашқы ұшулар сәті келгенде балалардың қуанышты дауысы мен шапалақтаған қолдары залды кернейтін ерекше көрініске айналады. Клубта оқушылар дрондарды жинап-тазалауды, маршруттарды бағдарламалауды, симуляторларда жаттығуды және алғашқы ұшуларын орындауды үйренеді. Кейінгі кезеңде олар ашық алаңдарда практикалық сабақтарға қатысып, жарыстарда өз өнерлерін сынайды.
– Балаларымыз клубта заманауи инженерлік білімді тәжірибемен ұштастырады. Олар электроникамен, бағдарламалаумен және механикамен танысып, ұшу техникасын меңгереді. Мұндай дағдылар бүгінгі таңда фото- және бейне түсіруден бастап, ауыл шаруашылығы мен геодезияға дейін түрлі салаларда сұранысқа ие. Көптеген балалар үшін бұл болашақ мамандыққа алғашқы қадам болуы мүмкін, – деді клуб жетекшісі Евгений Рогожин.
2025–2026 оқу жылында «Қайнарда» қосымша білім беру аясында 5–18 жас аралығындағы 7422 бала мен жасөспірім қамтылды. Олар 58 үйірме, студия және секцияда жеті негізгі бағыт бойынша білім алады: көркем-эстетикалық, қолданбалы өнер, бейнелеу өнері, техникалық, тілдік, әлеуметтік-педагогикалық және спорттық.
Кешеннің инфрақұрылымы ерекше. Мұнда жас туристер жаттығатын скалодром, журналистика, блогинг және SMM үйретілетін медиастудия, ұлттық ойындар клубы мен этно-дизайн студиясы жұмыс істейді. 2025 жылы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен бассейн толық жөндеуден өтіп, инклюзивті білім беру мүмкіндіктері жасалды: суға жүзу дағдылары ерекше қажеттіліктері бар балаларға да үйретіледі.
– Біз заманауи үрдістермен ілесе отырып, балаларға әртүрлі бағыттар ұсынамыз. Биылғы оқу жылында дрондар клубынан бөлек спорттық би студиясы, менталды арифметика үйірмесі, кілем тоқу және машинамен кестелеу курстары ашылды. Қосымша білім беру тек талантты дамыту үшін ғана емес, кәсіби бағдарлауда да маңызды. Ең бастысы – әрбір бала өзіне ұнайтын іс тапсын, – деп атап өтті «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің басшысы Фарзия Клепица.
Жаңа шығармашылық маусымның бастамасы – «Қайнар-city таланттар қаласы» фестивалі. Кешен аумағында түрлі тақырыптық станциялар жұмыс істеді: «Қозғалыс алаңында» би батлдары, «Арт-кварталда» қыш құмыра жасау мен кілем тоқу, «Этно-аулада» тоғызқұмалақ пен садақ ату жарыстары, ал «Болашақ паркінде» роботтар мен дрондардың көрсетілімі болды.