Павлодарлықтар қиын жағдайға тап болған адамды көрсе, қайда хабарласу керек?

Павлодарлықтар қиын жағдайға тап болған адамды көрсе, қайда хабарласу керек?
Иллюстрация: AI

Қайта әлеуметтендіру орталығы күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аяз басталғалы мамандарға түсетін жүктеме айтарлықтай артты.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Елена Галимованың айтуынша, бүгінде орталықта 148 адам тұрып жатыр. Олар жеке қажеттіліктеріне сай тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық, еңбек және мәдени қолдау сияқты арнайы әлеуметтік қызметтер алады.

– Суық күндері біз саяжай алқаптары, тастанды ғимараттар және жылу трассаларына ерекше назар аударамыз. Басты міндетіміз – адамды дер кезінде байқап, көмек ұсыну, қыс мезгілін жылы әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге мүмкіндік беру, – деді Елена Галимова.

Суық кезең басталғалы  орталыққа 35 адам көмек сұрап келген. Оның ішінде 29 адамды әлеуметтік патруль жеткізсе, тағы 14 адам өздері келген.

Айта кетейік, Павлодар қаласының учаскелік полиция инспекторлары және қабылдау-тарату мекемесінің қызметкерлерімен бірлескен әлеуметтік патруль мобильді тобы рейдтер жүргізеді. Мұндай патрульдер мұқтаж жандарды анықтап, уақытша тұратын орын, медициналық және психологиялық қолдау ұсынады, әрі қайта әлеуметтендіруге жәрдемдеседі.

Адамдардың орталыққа түсу себептері әртүрлі: біреулер үйінен, отбасынан, жақындарынан айырылған, ал біреулері дұрыс жол таңдай алмай адасып қалған.

– Бізде түнгі уақытқа арналған бөлімше жұмыс істейді. Ол жазда 21:00-ден 9:00-ге дейін, ал қыста 18:00-ден 10:00-ге дейін төсек- орынмен қамтамасыз етеді. Уақытша тұру орталығына жүгінген, бірақ көшеде өмір сүру салтын өзгерткісі келмейтіндерге ыстық тамақ қарастырылмаған, – деп атап өтті маман.

Әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, павлодарлықтар қиын жағдайға тап болған адамды көрсе, 102 нөміріне немесе орталыққа тікелей хабарласу қажет. Көмек міндетті түрде көрсетіледі.

Орталық 150 орынға есептелген, уақытша тұру мерзімі – бір жылға дейін. Өмірден түңілген адам орталықта тұрып, жаңа өмір бастаған мысалдар аз емес. Мекеме Павлодар қаласы, Космонавтов  көшесі 1/50 мекенжайында орналасқан.