Павлодар облысындағы туристік аймақтарда қауіпсіздік талаптары күшейтіледі
Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, өңірдегі туристік маусымға дайындық барысын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы өткен жылы Президент Әкімшілігінің тексерісінен кейін берілген ескертулердің орындалу барысына ерекше назар аударды. Ол жауапты тұлғалардан нақты есеп талап етіп, қай мәселе шешілгенін, қайсысы әлі де өзекті екенін ашық айтуды тапсырды.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев тексеріс нәтижесінде 10-нан астам заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қысқа мерзім ішінде олардың 90 пайызы жойылған. Атап айтқанда, Жасыбай мен Баянауыл арасындағы жолдар жөнделіп, серпантин аумағында 20-ға жуық жол белгісі орнатылған.
Қазіргі таңда шешімін таппаған негізгі мәселе – жағажайдағы құтқару пункттері мен мұнаралары болған. Бұл мәселе биыл Жасыбай жағажайын абаттандыру аясында шешіліп, төтенше жағдайлар қызметіне арналған модульдік нысан орнатылған. Қазір онда төрт маман жұмыс істейді.
Облыс әкімі туристік маусым алдындағы ең басты міндет – демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты бейнебақылау жүйесінің жағдайына ерекше көңіл бөлінді.
Жиын барысында Баянауылда жедел басқару орталығына қосылған 72 бейнекамера бар екені айтылды. Олардың көмегімен жыл басынан бері 486 әкімшілік хаттама толтырылып, бір қылмыстық іс тіркелген.
Оның ішінде Баянауыл ауылында жеті, Торайғыр ауылында 12 бейнекамера орнатылғаны белгілі болды. Торайғыр және Сабындыкөл жағажайларында тоғыз құтқару мұнарасы мен өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді. Жедел әрекет ету үшін жеті медициналық бригада жасақталған.
Алайда, облыс әкімі туристер көп жиналатын орындарда бейнекамералардың жедел басқару орталығына қосылмағанын сынға алды. Мәселен, Сабындыкөлде орнатылған 19 камера, сондай-ақ Жасыбай көліндегі 8 камера орталық жүйеге қосылмаған.
Аймақ басшысы бұл жұмысты жеделдетіп, маусым басталғанға дейін барлық камераны бірыңғай жүйеге қосуды тапсырды.
– Туристік орындарда қауіпсіздік бірінші орында болуы тиіс. Сондықтан барлық камералар жедел басқару орталығына қосылып, толық бақылау қамтамасыз етілуі керек, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, ол тек Баянауылмен шектелмей, өзге де туристік аймақтарды қамтуды міндеттеді. Атап айтқанда, Тораыйғыр көлі, Шарбақты ауданындағы турістік нысандар, Маралды және өзге де демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеру қажет екенін жеткізді.
Облыс әкімі аудан әкімдеріне барлық туристік нысандарды аралап, жағдайды жан-жақты саралап, қауіпсіздік деңгейі бойынша толық есеп беруді тапсырды.