Павлодар облысында қандай мемлекеттік қызметтер сұранысқа ие?
Өңірде биыл халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы дәстүрлі 342 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті.
– Қазіргі таңда аса сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер болып табылатын қызметтер түріне бірінші – электрондық цифрлық қолтаңба, екінші әлеуметтік көмек түрлерін алу және үшінші жеке куәлік пен паспорт алу жатады, – деді филиал басшысы.
Бұл ретте, аймақта жеті ай ішінде барлығы 65 920 паспорт пен куәлік берілген. Жеке куәлік дайындағаны үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК құрайды. Алғаш рет алушылар үшін баға – 738 теңге, бір жыл ішінде екі реттен артық жоғалтқан жағдайда – бір АЕК (3692 теңге). Бұл өзгерістер АЕК ұлғаюымен байланысты. 2023 жылғы 3450 теңге (1 АЕК) болса, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 3692 теңгені құрайды.
Айта кетейік, өңір бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осы жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы дәстүрлі 342 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.