Павлодар облысында қант зауытына инвесторлар іздестірілуде
Бұл жоба фермерлік шаруашылықтарын дамытуға, суармалы жерлерді тиімді пайдалануға септігін тигізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстанда қант өндіру көлемі 168,1 мың тоннаны құрады, бұл – 2020 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.
– Қазақстан қалаларында түйіршіктелген қанттың орташа бөлшек сауда бағасы келісіне 403 теңгені құрады. Түйіршіктелген қанттың ең жоғары құны Талдықорғанда тіркелді: келісі – 436 теңге. Одан кейін Семей мен Алматы: келісі – 426 және 424 теңге. Ең қолжетімді түйіршіктелген қант Ақтөбеде: келісі – 360 теңге. Салыстырмалы түрде төмен баға – Оралда (келісі – 380 теңге), Таразда (383 теңге) және Шымкентте (383 теңге) байқалды, – дейді сарапшылар.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында жаңа зауыт құрылысы мен қант өндірісін жаңғырту жұмыстары құжаттар пакетін дайындау сатысында болса, Ақтөбе облысында керісінше жобаны жүзеге асыру уақытша тоқтатылды.
Еске сала кетейік, өңірде 2019 жылы тәжірибе ретінде алғаш рет қант қызылшасы өсіріліп, одан 11 тонна қант алынған болатын.