Павлодар облысында қоғамдық жұмыстарды бақылау күшейтілді

Павлодар облысында қоғамдық жұмыстарды бақылау күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақсуда өткен жиында жазалардың орындалуын қадағалау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласында «Amanat» партиясы филиалында қоғамдық жұмыстарды орындау мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға полиция, прокуратура, сот және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Қатысушылар қоғамдық жұмыстар құқық бұзушыларды қоғамнан оқшауламай, жауапкершілікке үйретудің тиімді тәсілі екенін атап өтті. Алайда бұл шараның нәтижелі болуы үшін нақты бақылау тетіктері қажет екені айтылды.

Кездесу барысында судьялар қаулы шығару тәртібі мен уәкілетті органдарды дер кезінде хабардар етудің маңызын түсіндірді. Прокуратура өкілдері қоғамдық жұмыстардың нақты орындалуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Ал полиция мен әкімдік өкілдері құқық бұзушылардың еңбегін тиімді пайдалану, жұмыс сағаттарын есепке алу және олардың тәртібін қадағалау мәселелерін талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту туралы шешім қабылданды. Енді сот, полиция және әкімдік арасында ақпарат алмасу жедел жүргізіліп, жазадан жалтару мүмкіндігі азаяды.

Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алмас Баймбет мұндай кездесулер бірыңғай іс-қимыл алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.