Павлодар облысында қосымша еңбек ресурстары тартылатын мамандық тізбесі құрылды

Enbek.kz платформасында азаматтарды сертификаттаумен талап етілетін дағдыларға оқыту жоспарланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің төрағалығымен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.
Оған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова қатысты.
– Отырыс барысында ағымдағы жылға арналған қалалар мен аудандар бөлінісінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша жоспарлы индикаторлар қаралды. Еңбек күшінің кету аймақтарынан қосымша жұмыс ресурстарын тарту жоспарланатын кәсіптердің тізбесі бекітілді, сондай-ақ, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша және тікелей жұмыс орындарында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың құны келісілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін коммерциялық емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындары үшін жалақыны субсидиялау мөлшері белгіленді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың баяндауынша, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар шеңберінде кемінде 1000 әлеуметтік жұмыс орнын, жастар практикасы үшін 1300-ден астам орынды құру, сондай-ақ, enbek.kz платформасында 2000-ға жуық азаматты кейіннен сертификаттаумен талап етілетін дағдыларға оқыту жоспарланған.
Комиссия мұғалімдер, тәрбиешілер, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, медбикелер, жөндеуші слесарьлар, электр газбен дәнекерлеушілер, электр слесарьлары, агрономдар, ветеринарлар, механизаторлар және басқа да мамандар қамтылған қосымша еңбек ресурстары тартылатын кәсіптердің тізбесін айқындады.
Айта кетейік, қабылданған шаралар халықты жұмыспен қамтуды арттыруға, негізгі салаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге және азаматтарды әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған.